Әрине, онша сұлу көрініс емес. Дегенмен, көлігі «шыр» ете қалса, яғни,
сигнал берсе, егесі бас-көз болатындай мүмкіншілігі бар. Сосын,
автокөлік пен футболшылар ғана емес, ауламыздың үлкен-кіші, кәрі-жас
тұрғындары да жетерліктей. Әсіресе, жас балалар өте көп. Олардың аулада
өздерін қалай ұстайтындарына әуре болып, сия кетірмей-ақ қояйын. Өзіңіз
де көз алдыңызға елестеткен шығарсыз. Зу да зу ғой...
Бір күні
ауламызға қуанышты хабар келді. Аула кемпірлерінің аузында: қалалық
әкімшілік әр ауланы күрделі жөндеуден өткізеді екен. Балаларға арналған
алаңшалар салынып, автотұрақтар салынып, көліктер бет-алды тұрмай,
тәртіпке келіп, пәлен үйдің ауласын жөндеп, түген үйдің алдын сәндеп,
жиекшелерін ауыстыратын болыпты-мыс деген гу-гу әңгіме.
Айтқандай-ақ,
көп ұзамай құрылысшылар келіп, оны-мұны жұмыстарын бастап та кетті.
Бомбы жарылғандай, дем арасында ауламыздың астан-кестені шықты.
Үйдің
бір қожайыны өзім болғасын, ерінбей жұмысшыларға барып, «бастығымыз
осы» деген жігітке жолықтым. Ол жігіттің түр-түсін суреттемей-ақ қояйын.
Кәдімгі қазақ жігіті. Сондағы сұрамақ болғаным: ауламыздың тағдыры не
болады, не істеп, не қоясыңдар... деген сияқты қарапайым сұрақтар. Әлгі
жігіт ауламыздың кескінін қағазға сызып көрсетпесе де, келбетін суреттеп
берді. Қолының ұшын пайдаланып, ары-бері ербеңдетіп, балалар алаңшасы
қай жерде, кемпір-шалдар отыратын жер қайда, көліктердің тұрағы қай жер
болатынын тәптіштеп түсіндірді. Түсіндім. Жақсы екен. Күдігім сейіліп,
көңілім бір марқайып қалды. Жоспарымда Астанаға барып келу бар еді.
Алаңсыз кете бердім.