Достарым, риза емен мен сендерге,
Аспаннан айды алып берсеңдер де.
Қайтейін қалған көңіл қабыл алмас,
Айламен неше түрлі келсеңдер де.
Дос болмай садаға кет сенің бәрің,
Сыр ұрлаған сұмпайы өңшең зәлім,
Сыртыңнан өліп-өшіп тұрғаныңмен,
Білемін, бықсып жатыр, ішің-мәлім.
Әуелден сырларыңды ала алмағам,
Сол үшін торларыңа арандағам.
Айламен алуға бар, беруге жоқ,
Жанкеспе қасқырсындар жалаңдаған.
Бұйымға жарамайтын жапырақтар,
Сендермісің дос деген атын ақтар?
Шаң басқан топтарыңнан еңді аулақпын,
Өздеріңмен өзің бол, ақымақтар.