Арыстан мен түлкі туралы ертегі
lev_lisaАрыстан қартайды. Аңдарды бұрынғысындай аулай алмайтын болды. Енді аңдарды айламен аулағысы келді. Өзі үңгірде жатты да:
— Аурумын, жүруге әлім жоқ, — деп барлық аңдарға хабар таратты.
Аңдар бір-бірлеп арыстанның халін білуге келді. Арыстан аңдардың біреуін де қайтармады. Бәрі де арыстанға жем болды.
Бір күні түлкі келді. Ол үңгірден алысырақ тұрды да:
— Халіңіз қалай, тақсыр? — деп көңілін сұрады.
— Халім нашар. Неге жақынырақ келмейсің? Берірек кел, түлкіжан, бір азырақ сөйлесейік? — деді арыстан.
Түлкі:
— Мен саған жақын барар едім-ау, бірақ саған кірген із бар да, шыққан із жоқ! — деп жүріп кетіпті.