Айтқали Нәріков → Наурыз
Наурыз
Ақыл-ойдың зерегінен жаралып,
Салт-дәстүрдің тереңінен нәр алып,
Наурыз келді! Наурыз келді, жарандар,
Бойға қанмен намыс болып таралып.
Кездер болды ел шаттығын бұқтырған.. .
Кездер болды жанарларға шық тұнған.
Сондадағы наурызкөже пісіріп,
Әр шаңырақ көңіл-күйін ұқтырған.
Қыс - кәрілік, көктем мына - жастығым,
Деп тұрғандай құшақты кең аш бүгін!
Наурызбенен бірге келіп қуаныш,
Қабағымнан қармен бірге қашты мұң.
Қатар келді жаңару мен жасару,
Төрлет, Наурыз, төңіректі жаса ду.
Қариялар бір серпіліп қалсыншы,
Табыссыншы бозбала мен жас ару.
Сыйлап бізге татулық пен тыныштық,
Наурыз келді! Жүрген жері ырыс-құт!
Бабалардың аманаты болған соң,
Наурыз менің жүрегіме тым ыстық!!!