Ат пен есек....перевод плиз) Біреудің Есегі мен бар еді Аты,Апарар бір қалаға болды заты. Аты мен Есегіне артып алып, Аяңдап жолға түсіп келе жатты. Жүк ауыр, Есек сасып, алақтады, Иесі демалуға қаратпады. Әл кетіп, жығыларға таяғанда, Жалынып Атқа Есек сөз айтады: «Ат достым, жүгім ауыр, халім бітті, Емеспін жүре алатын енді тіпті. Зорығып, жолда өліп қалатынмын, Алмасаң ауыстырып біраз жүкті». Ат оған ешбір жауап қайтармайды, Ауырлап жүгін, Есек қайқаңдайды. Ентігіп, ішін соғып, дымы құрып, Жүруге онан әрі жайы қалмайды. Жығылды Есек байғұс дымы құрып, Тұрмады айдаса да иесі ұрып. Сойды да, жүгін, терісін атқа салып, Қалаға келе жатты тағы жүріп. Қараңдар, шара бар ма мына сорға, Аяғын Ат келеді басып зорға. Қысымды Есек көрген бұ да көріп, Болдырып, былғақтайды оңды-солға. Өкініп өткен іске Ат келеді: «Мен қате еткен екем... Аһ! - деді. - Есектен аз жүк алып, қарасқанда, Қиындық мұндай маған болар ма еді?». * * * Бұл сөзден қандай ғибрат алмақ керек? Мысалы, еткен қайыр бір бәйтерек. Қайырың біреуге еткен болып терек, Көрерсің рақатын көлеңкелеп. Қайырдың ең абзалы бұл дүниеде - Біреуге қысылғанда жәрдем бермек. Кейбіреу зор бейнетке тап болады, Кей уақыт аз бейнеттен қашамын деп.