Анимизм (лат. anima — рух, жан) — заттық дүние құбылыстарының жандылығын бiлдiретiн термин.
Анимизм терминiн ғылыми қолданысқа ағылшын этнографы және мәдени антропологы Э.Б.Тайлор (1832-1917) енгiзген. Ежелгi мәдениетке талдау бере келе, магия, тотемизм, фетишизм сияқты ecкi ceнім-нанымдардың қатарында ол анимизмдi де атап өтедi. Оның пiкiрi бойынша анимизм кейiнгi дамыған дiндерге апаратын баспалдақ есебiнде болады және олардың ментальдық дүниесiне енедi.
Басқа халықтардың дүниетанымы мен сенiм-нанымдарындай анимизм қазақтың дәстүрлi рухани мәдениетiнде терең ұялаған. Мысалы, Ш.Уәлиханов қазақи түсiнiкте жанның үш түpi бар дейдi: ет жан, шыбын жан, рухи жан.
Анимизмнің көрінісіне қазақы дүниетанымдағы «киелi», «қасиетті» жер бедерлерi мен атаулары жатады. Табиғат аясындағы мәдениет үшiн қоршаған орта киелi таулардан, құтты өзендер мен көлдерден, ағаш-бұталардан, т.б. тұрады. Табиғи құбылыстар да қасиеттi мағынаға ие болады, олардың рухы және иесi бар делiнедi.