Бейбіт қоғамда бейнетшіл адамға қалай баюға да қолайлы жағдай жасалған. Қайшы алып шаш қисаңыз да, қамшы алып төрт түлік соңына түссеңіз де, кәсіп ашып нәсібін көремін десеңіз де ешкім бетіңізден қақпайды. Тек бойыңыздағы жалқаулықты жеңіп, жоспарлы жұмыс жасасаңыз болғаны. Жалқаулық десе, бастауыш сыныпта ұстаз айтқан мына мысал ойыма орала кетеді.Сіздің де есіңізде болар, екі жалқау есік жабуға ерініп, қақаған суықта қатып өлетіндігі. Бүгінгі біздің нарықтық қоғамда да дәл солай. Әлеуметтік төмен отбасыларға беретін мемлекеттің жәрдеміне жәутеңдегеннің көжесіне ешкім де қатық қатпайды. Сондықтан белді бекем буып, берекелі іске бет түземесең, «жұтылып» кетуің лезде.«Кәсіптің өзін тапқан байлықтың көзін табады» деген атам қазақ. Біздің кейіпкеріміз сол аталы сөздің астарын аңдап, нағыз білекті түргізіп, маңдайды сүрткізіп, белшеден берекеге кенелтетін адал еңбекті тапқан азамат.